КЕМЕРШИ – Байғанин ауданындағы Қызылбұлақ селолық округінің орталығы, ауыл. Жем өзенінің оң жағалауында. Кемерши ауылында 1963 – 1996 жылдарда Абай атындағы совхоздың орталық мекені болды. Қазір Кемершиде өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтары, орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, байланыс мекемелері, Ермағамбет ишан мешіті бар.
КЕНЖӘЛІ – Байғанин, Мұғалжар, Ойыл аудандары арқылы өтетін өзен, Ойыл өзені алабында, ұзындығы 64 км ., су жиналатын алқабы 1500 км2. Кенжәлі Қараоба тауының оңтүстігінен бастау алып, Сарытоған аулынан 9 км шығыста Ойыл өзеніне құяды. Алабы жайылымға, суы мал суаруға пайдаланылады. Өзен атауы жөнінде нақты деректер жоқ.
КӨКБҰЛАҚ – Байғанин ауданы, Қарауылкелді селолық округіндегі елді мекен. Көкбұлақ ауылының негізі ХХ – ғасырдың 30 – жылдары колхоздастыру кезеңінде қаланды. 1963 жылы Көкбұлақ «Қарауылкелді» совхозының бөлімше орталығына айналды. Ауылда бүгінгі таңда 8 шаруа қожалықтары, орта мектеп, клуб, кітапхана, фельдшерлік – акушерлік пункт бар. Аудан орталығымен және басқа қала, аудандармен тікелей телефон байланысы бар, радио, телевизия хабарларын қабылдайды.
КӨЛТАБАН СЕЛОЛЫҚ ОКРУГІ – Ақтөбе облысы, Байғанин ауданындағы әкімшілік – территориялық бөлініс. Көлтабан селолық округіндегі халық негізінен Жарлы, Қораши, Жыңғылдытоғай ауылдарында тұрады, бірлі – жарым ұсақ елді мекендер де бар. Селолық округ ауылдық кеңес ретінде ХХ – ғасырдың 20 – жылдарының аяқ шенінде құрылды. Селолық округ территориясында 1964 жылдан 90 – жылдарға дейін «Байғанин» совхозы болды, қазір мұнда «Еділбай - Байғанин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу шеберханасы, 1 темір жол станциясы, 1 разъезд, екі орта, бір бастауыш мектептер, отбасылық дәрігерлік амбулаториясы, екі фельдшерлік – акушерлік пункт бар. Селолық округ территориясында емдік қасиеті бар балшық орындары кездеседі, мұнай мен газдың қоры бар.
КӨПТОҒАЙ – Байғанин ауданы, Қопа селолық округіндегі ауыл, селолық округіндегі ауыл Ебейтіден 12 км , Сағыз станциясынан 42 км , қашықтықта. Көптоғай ауылы 1990 – жылдардың ортасына дейін колхоз, кейін совхоз бөлімшесінің орталығы болды, қазір мұнда шаруа қожалықтары бар, олардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Ауылда фельдшерлік пункт, бастауыш мектеп жұмыс істейді.
ҚАЗАҚСТАН – Қарауылкелді селолық округіндегі елді мекен. Байғанин ауылынан оңтүстік – батысқа қарай 20 км . жерде, жақын теміржол станциясы Қарауылкелді (20 км). Елді мекеннің негізі ХХ – ғасырдың 30 – жылдары колхоз орталығы ретінде қаланды, кейін мұнда «Қарауылкелді» совхозының бөлімше орталығы болды. Қазақстан ауылында бастауыш мектеп, клуб, фельдшерлік – акушерлік пункт, шаруа қожалықтары бар.
ҚАРАЖАР – Байғанин ауданы Жарқамыс селолық округіндегі елді
мекен, ауыл. Селолық округ орталығынан 20 км . жерде, Жем өзенінің оң жағасында
орналасқан. Кейіннен «Ақжар» совхозының бөлімше орталығы болды. Қаражар
ауылында қазір бірнеше шаруа қожалықтары бар. Ауылда орта мектеп, фельдшерлік
пункт, кітапхана т.б. бар. Қаражар ауылында кезінде Социалистік Еңбек Ерлері
Қ.Қалмұратов, Ж.Құлшынов еңбек еткен . Ауыл Жарқамыс селосымен автомобиль жолы арқылы байланысады.
ҚАРАУЫЛКЕЛДІ – 1971 жылға дейін Байғанин ауданының орталығы. 1971
жылы Қарауылкелді поселкесі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен
Байғанин поселкесі болып аталған еді. 2006 жылы 12 желтоқсанда ауылға өзінің Қарауылкелді атағы қайтарылып
берілді.
ҚОПА –
Байғанин ауданы, Қопа селолық округіндегі ауыл. Сағыз өзенінің оң жағасында,
Сағыз станциясынан 15 км .
жерде орналасқан. Қопа ауылдық Кеңесінің орталығы болды, мұнда «Қопа»
колхозының басқармасы, жетіжылдық мектеп, клуб т.б. мәдени – тұрмыстық
мекемелер болды. Кейін колхоз совхозға айналып орталықтың Ебейтіде қоныстануына
байланысты тұрғындардың дені сол ауылға көшті. Қазір Қопа ауылында шаруа
қожалықтары, негізгі мектеп, дәрігерлік пункт т.б. бар. Қопа өңірінде қазақтың
әйгілі ақыны Ақтан Керейұлы, белгілі ғұлама, ұстаз Абдолла хазрет өмір сүрген.