Елді мекен


ҚОРАШИ – Көлтабан селолық округіндегі елді мекен. Аудан орталығынан 32 км., селолық округ орталығынан 15 км. жерде, Сағызға құятын Жыланды сайының бойында. Қораши ауылының 30 – жылдары (ХХ ғ.) негізі қаланды, №6 ауылдық кеңесінің орталығы болды, осы ауылда Жданов атындағы колхоздың орталық мекені орын тепті, кейін мұнда «Байғанин» совхозының бөлімшесі орналасты. Қазірде Қораши ауылында шаруа қожалықтары, орта мектеп, дәрігерлік пункт бар. Ауыл төңірегінде Қарабұлақ, Сарыбұлақ, Тұзбұлақ, Құлжанбұлақ деп аталатын бұлақтар бар. Қораши ауылы республикаға белгілі ақын Сәбит Баймолдиннің туған жері.
ҚОСАРАЛ – Қарауылкелді селолық округіндегі елді мекен, ауыл. Сағыз өзенінің оң жағалауында.  «Қарауылкелді» совхозының бөлімше орталығы болды. Қосарал ауылында шаруа қожалықтары, клуб, кітапхана, дәрігерлік пункт бар. 
МИЯЛЫ  АУЫЛДЫҚ  ОКРУГІБайғанин ауданындағы әкімшілік – территориялық бөлініс. Округ бұрынғы «Дияр» совхозының ізімен Жаңажол селолық округінен бөлініп шығып, 2005 жылы қайта құрылды. Ауданның оңтүстік бөлігін қамтиды. Халқы – 2008 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша 913 адам. Орталығы – Миялы селосы. Қазір бұл округте 2 орта мектеп, 2 фельдшерлік пункт, 2 медпункт, 2 кітапхана, 2 клуб, 2 байланыс орталығы, 1 телефизиялық орталық жұмыс істейді, 27 шаруа қожалығы, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар.  
      НОҒАЙТЫ ауылы, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Ащы селолық округінің орталығы. Атырау - Қандыағаш темір жолының бойында орналасқан. Темір жол станциясы. Ноғайты ауылының ХХ-ғасырдың 30-жылдарының басында Табын ауданында  Ноғайты колхозының құрылуына байланысты  негізі қаланды. Кейін Ащы ауылдық кеңесі территориясынан  қаракөл қойын өсірумен айналысатын «Сағыз» совхозы құрылғанда, оның орталық мекен-жайы да осы Ноғайтыдан қоныс тепті. Ауыл тұрғындары телефон байланысымен қамтылған, бірнеше канал бойынша радио және  телехабарларды қабылдайды. Ноғайты ауылында кезінде  «Даңқ» ордендерінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаев,Социалистік Еңбек Ері Қылыш Төлепов,Қазақ КСР ағарту ісінің үздік қызметкері Михаил Жәленов, т.б. тұрды. Ноғайты атауынын шығуы  ертеде осы маңайды мекендеген  Ноғайлы жұртынын Ноғай руына байланысты,Ноғай,Ебей рулары қоныс еткен осы төңірек Ноғайты, Ебейлер мекендеген аймақ Ебейті аталып кеткен.
НҰРЖАУ – Жаңажол селолық округіндегі елді мекен. Оймауыт ауылынан 10 км. Қашықтықта. Бұрын «Оймауыт» совхозының бөлімше орталығы  болды.       
    ОЙМАУЫТ – Байғанин ауданы Жаңажол селолық округінің орталығы, ауыл. Аудан орталығы  Қарауылкелді  ауылынан оңтүстікке қарай 220 км., Ақтөбеден 466 км. жерде, Жем өзінің сол жақ жағалауынан 30 км - дей қашықтықта орналасқан. Бұрын мұнда "Оймауыт" совхозының орталық мекені орналасты. Оймауыт ауылында қазір өндірістік кооператив пен шаруа қожалықтары, орта мектеп, клуб, кітапхана, аурухана бар.
САРЫТОҒАЙ селолық округі – Ақтөбе облысы, Байғанин ауданындағы территориялық-әкімшілік бөлініс. Орталығы  - Алтай батыр  ауылы. Өзендері Сағыз және оның салалары Ащысай, Мәуешсай,Терісаққан, Құмжарған. Көлдері Тамдыкөл, Өлеттікөл, Дәуіткөл, Ұзынкөл. Бұларда су көктемгі қар еру кезінде ғана жиналады. Ірі елді мекендері Алтай батыр, Баршақұм, Шұқырши ауылдары. Округ территориясы арқылы Қарауылкелді-Миялы автомобиль жолы өтеді. Селолық округ территориясында XX ғасырдың 60 жылдарына дейін бірнеше колхоз болды 1964 жылы  «Алтай» совхозы құрылды. 1996 жылы совхоз  таратылып, орнына 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 21 шаруа қожалықтары  ұйымдастырылды. Қазір селолық округте 2 орта, 1 бастауыш мектептер, селолық дәрігерлік амбулатория, клуб, кітапхана, байланыс бөлімі, почта жұмыс жасайды. Селолық округ территориясында XVІІІ ғасырда Алтай батыр, Сәнкібай батыр, Ақбота, Қаратау би сияқты атақты тұлғалар өмір сүрген, бірқатар тарихи ескерткіштер сақталған.                                                                    
   ШӨПТІКӨЛ – Жаңажол селолық округіндегі елді мекен. Шөптікөл ауылы «Оймауыт» совхозының бөлімше орталығы ретінде негізі қаланып, қалыптасты. 1980 – 1990 жылдары мұнда орта мектеп, мәдени – тұрмыстық мекемелер болды.