–
Байғанин ауданының "Кемерши" ауылындағы белгілі тарихи – мәдени орын.
Бұл мешітті Жұмабай баласы Ермағамбет ишан 1909 жылы өз қаражатына салдырған.
Осында бала оқытып, елді имандылыққа үндеген. Мешітті салған шебер - Әлпейісов
Төлепберген деген кісі.
Кеңес
өкіметі тұсында мешіт үйі мектепке, интернаттың жатақханасына айналдырылды. Жем
өресіндегі бірден – бір іргелі құрылыс болғандықтан, елдің өнер – білімге
ұмтылған ұрпақтарының аяулы ұясы болып қала берді. Бұл мешіттен Қазақ ССР Ғылым
Академиясының академигі, Экономика ғылымдарының докторы Сақтаған Бәйішев, Қазақ
ССР – іне еңбегі сіңген мұғалім, Еңбек Қызыл Ту орденді ұстаз Ермұханбет Мұқып
дәріс алған. Мешіт үйі мектепке айналдырылғанда, мұнда Кеңес Одағының Батыры
Қожабай Жазықов, физика - математика ғылымдарының докторлары Назарбай Блиев,
Ілияс Тәжімұратов, ғылым кандидаттары Нұраш Көпесов, Қалау Бақытовтар оқыған.
Республикаға белгілі жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы да осында тәрбиеленген.
Жем өресінде туып өскен басқа да талай азаматтар осы Ермағамбет ишан мешітінің
шапағатын көрді.
1999 жылы
"Ермағамбет ишан мешітін қалпына келтіру жөніндегі "ПАРЫЗ"
қоғамдық бірлестігі құрылып, оның төрағасы, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының
тікелей материалдық қолдауымен мешіт үйі қайта салынды. Жаңа мешіт үйі 2001
жылғы 24 тамызда қайта ашылып, халықтың қолына табыс етілді. Атауы сол күйінде,
"Ермағамбет ишан мешіті" деп қалдырылды.