-Жемнің оң жағында бірыңғай ақ бор түзелімдерінен құралған кішкене шағын төбені Ақбота дейді. Шынында да алыстан қарағанда өзіне қарап мойнын созып шөгіп жатырған желідегі ақ бота сияқты. Осы жерде Сәңкібай байдың қызы дүниеге келіп атын "Ақбота деп қойған" дейді. Кейбіреулері осы төбе Ақботаны жерлеп, сондықтан осы төбе Ақбота деп аталған дейді.
Ақбота-Сәңкібай
шоқысы
Елбасы
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің
географиясы» жобасын жүзеге асыруды жүктеген болатын. Онда қасиетті орындарды
өзара сабақтасттыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды
меңзейді. Біздің өңірде қасиетті орындар, тарихи ескерткіштер жетерлік. Олар
туралы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер де жоқ емес. Солардың бірі –Ақбота
Сәңкібай шоқысы.
Ақбота-Сәңкібай шоқысы Байғанин
ауданы Миялы ауылының солтүстігіндегі 45 шақырым жерде орналасқан. Ол-екі бөлек
үлкен ақ бор тау. Табиғат өз қолымен жасаған ғажап ескерткіш. Жем өзені жағынан
алыстан аппақ болып көрініп тұрады. Көлемі, биіктігі аса үлкен болмаса да,
тылсым сырымен, қатпар-қатпар жота, ертегідей пішін-сипаттарымен, өсімдік
шықпайтын тауымен еріксіз баурап алады, кісіні таңғалдырады. Айналасы тегіс
жазық.
Жерден тік шығып тұрған таудың
қайдан, қалай пайда болғаны талайды ойға қалдырады. Оның шешімі тереңде жатыр.
Бұл жерде миллиондаған жылдар бұрын теңіздің орны болған деген болжам айтылады.
Таудың құрылысы теңіздің астында болатын жартастар сияқты және өте ескі
көріністі көрсетеді.
Жергілікті тұрғындар кие тұтып,
қадірлейтін бұл жердің атауында екі адамның аты аталды. Бірі-ХҮІІ ғасырда өмір
сүрген Сәңкібай батыр. Екіншісі –Ақбота. Бұл Ақбота кім? Оның есімі тарихта
несімен қалды?
Аңыз бойынша бұл жерде ХҮІІ
ғасырда өмір сүрген, ақтабан шұбырынды жылдары қалмақтарды Еділ мен Жайықтан
асыра қуу кезінде Әжібай би мен Арал батыр бастаған сарбаздарға қолдау
көрсеткен Сәңкібай батырдың қызы Ақботаның қорымы жатыр деседі.
Аңызда былай дейді: «Сәңкібай
батыр Әбілқайырға сәлем бере кеткендде оның ауылын қалмақтар шауапты деседі.
Сол кезде төтеннен келген жауға тойтарыс беру үшін Сәңкібай батырдың 16 жастағы
қызы Ақбота ауылдан қалған туған-туысты, малшы-жалшы жігіттерді жинап алып, өзі
ер жігіттерше киініп, жауға қарсы шапқан. Сәңкібай Әбілқайырға барып келе
жатқан тұста ауылына тиген жаудың жеңілгені туралы хабардар болады. Алайда
қызының жазым болғанын батырға көшіп келе жатып, дөңнің басында жолыққан ауылдастары
естіртеді.
Сонда батыр: «Қызымның сүйегін
адам мен мал аяғынан аулақ, сонау ақ тау
басына тапсыралық»- депті. Содан бері биік шоқының төбесінде зират Ақботаның
бейіті аталыпты деседі».
Ақбота-Сәңкібай шоқысы теңіз
деңгейінен 200 метр биікте тұр. Аумағы 10 гектар жерді алып жатыр. Шоқы
табиғаттың өзі қолмен салған әдемі сурет сияқты. Алдынан қарағанда кең етек
киген әдемі әйелді көз алдыңызға әкеледі.
Бір қырынан қарағанда, шөгіп жатқан бота тәріздес. Тіпті, кейде
теп-тегіс жерде тұрған борлы тау су бетінде жүзген аппақ ақ кемені елестетеді.
Өлкетанушылардың айтуынша, 2009 жылы ауданға Германияның Гамбург қаласынан
Ресейдің өнеркәсіп және сауда палатасының қызметкері Надежда Шилова келіп,
«Шахмат ханшайымы» деген жерді іздеп жүргенін айтыпты. Ақбота-Сәңкібай шоқысына
ат басын тіреген қонақтар іздеген жоғының дәл осы жер екенін айтып, таңғалыпты.
Яғни, Ақбота-Сәңкібай шоқысы дүние жүзі геологтары арасында «Шахмат
ханшайымы» атауымен белгілі.
Жауына кеудесін тосқан 16 жастағы
батыр Ақбота қыздың ерлігінің, өрлігінің биігіндей болып жатқан мұнар таудың
біз білмейтін басқа да жұмбағы бар шығар...
Д.Қазихан
Ақтөбе 2017 ж. 15 қыркүйек.