– Байғанин
ауданындағы Кенжалы өзені бойындағы қорымдардың бірі. ХІХ ғасырдың аяқ шенінде,
дәлірек айтсақ 1870 жылдары Кенжалы бойын жағалай отырған 20 – 30 үйлі ауылдың
жылқысына жау тиеді. Бұлар орыс әскерінің қалың қолы болатын, жасақ басшысы жауынгерлерге
ат ұстауға бұйрық береді. Шолғыншылыққа шыққан бір топ қарулы жасақтың алдыңғы
жағында 5 – 6 шақырымдай жерде келе жатады, олар кезіккен жылқыны отрядқа қарай
қуалай бастайды. Түс ауған шақ болса керек, ауыл адамдары қымызға қанған соң,
ұйқыға шомады, бір қарт оянып кетіп, алыста жылқыны қуалап жүргендерді көреді
де, барымташылар екен деп ойлап, аттан салады. Он бес жігіт «барымташылардан»
жылқыны алып қалу үшін атқа қонады. Отряд командирі жылқыларды қудырып
әкелдіріп, әскердің ту сыртына шығарып, солдаттарды терең жыраның ұзына бойына
таратып бұқтырып қояды. Ауыл жігіттері жыраға жақындап қалған сәтте командир
солдаттарына оқ атуға бұйрық береді, сол сәтте он бес жігіт жер жастанады.
Қазақтардың сойыл, шоқпар алып, өздеріне қарсы шапқанына ыза болып, намысы
қозған командир солдаттарына сонадайдан көрініп тұрған ауылды тегіс құртуға
бұйырады. Содан қалың әскер бейбіт жатқан ауылға келіп, бала – шаға, кемпір –
шал, қатын – қалаш демей түгел қырып, үйлерін жағып, талқандап кетеді. Бұл
жантүршігерлік геноцид болды, есіріп алған солдаттар бүкіл ауыл тұрғындарын
жусатып салады. Сол ауылдан бір әйел тезек теруге қырға шығып кеткен екен,
кештеу келген ол осы ойранның үстінен шығып, есі ауып құлайды. Сол қырғында бір
ауылдан бір ғана алты жасар ойын баласы
кездейсоқ тірі қалады. Жауды алғаш көріп, аттандаған қария ауыл ағасы Қал деген
кісі еді, ал тірі қалған сәби оның алты жасар Қарасай деген ұлы ед. Тезек теріп
келген әйел есін жиған соң Қарасайды ертіп, көрші ауылдарға хабар салуға
кетеді. Қапыда қаза болған он бес жігітті, жаудан жазықсыз қырылған шейіттер
есебінде киімімен жерге тапсырады. Кейін Қосқұлақ руынан шыққан Көтібар батыр
бас болып, Қал ақсақалға қос тігіп берелік –деп қаза болғандардың қабіріне зор
белгі зират орнатады, өздері қос деп атаған үлкен зираттың қасында құран оқып,
тарасады. Содан зират «Қалының Қосы» делініп, «Қалықос» аталып кетеді.