Байғанин


Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының және Қарауылкелді селолық округінің орталығы, ауыл. Қарауылкелді өзенінің сол жағалауында, Ақтөбе қаласынан оңтүстік – батысқа қарай 251 км жерде орналасқан. 1971 жылға дейін Қарауылкелді болып аталды. Теміржол станциясы (Қарауылкелді). Халқы 8,3 мыңға жуық. Байғанин ауылының негізі ХХ ғасырдың 30 – жылдарының аяғына таман Гурьев – Орск мұнай құбыры және Гурьев – Қандыағаш темір жолы құрылысы кезінде қаланған. Алайда, кейбір мәліметтер бойынша қазіргі Байғанин ауылы орналасқан жерде ХХ ғасырдың 30 – жылдарының басында Қарауылкелді колхозының да болғаны туралы деректер бар. Жалпы, ауылдың негізі қалануына темір жолдың және Гурьев – Орск мұнай құбырының тартылуы негізгі фактор болып табылады. Ауылдың алғашқы тұрғындары Гурьев – Орск мұнай құбырының қараушысы Орынов Төреханның отбасы болды. Қарауылкелді атауының шығуы туралы да толып жатқан аңыз, әңгімелер бар. Олрдың басым көпшілігі мекен атауының қазақ – қалмақ соғысына байланыстылығына саяды. Демек, бұл ауылдық тарихы ХVІІІ ғасырдан басталады деуге де негіз бар. Байғанин ауылы 1950 – жылдарға дейін аудандағы шағын елді мекендердің бірі болды. Алайда, аудан үшін оның транспорттық маңызы зор болды, халық саны біртіндеп көбейе бастады. 1947 жылы мұнда жетіжылдық мектеп ашылды. Байғанин ауылының тарихында 1954 жылғы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны үлкен орын алады, сол кезеңде осында МТС (машина – трактор станциясы) құрылып, көптеген жұмысшы механиаторлар келіп қоныстана бастады. Тұрғындар санының көбеюіне байланысты жаңа жұмыс орындары ашылды, Комсомолдың 30 жылдығы атындағы жетіжылдық мектеп орта мектепке айналды, ауылда үлкен машина жөндеу шеберханасы жұмыс істеді, Қарауылкелді ауылы аудандағы шын мәніндегі екінші орталыққа айналды, клуб, кітапхана, дүкендер, асхана, монша, басқа да тұрмыстық, сауда обьектілері салынды, бұл кезде ауылды түрлі ұлт өкілдері мекендеді. 1964 жылы 31 декабрьдегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Байғанин ауданы қайта құрылғанда оның орталығы болып Қарауылкелді поселкесі (ол кезде осылай аталды) белгіленді. Бұл Байғанин ауылының елді мекен ретінде өсіп, дамуына жағдай жасады. Тұрғындардың саны көбейді, көптеген құрылыстар жүріп, үйлер салынды, ауылдың бас жоспары жасалып, сәнді ғимараттар бой көтерді. 70 – жылдары Ақтөбе – Қарауылкелді автомобиль жолы жақсартылды, Ақтөбе, Жарқамыс, Оймауыт, Дияр ауылдарына самолет қатынады. 1974 жылы Байғанин ауылының тұрғындары телевизия хабарларын көре бастады. Бұл кезде Байғанин ауылында тұрмыстық қамту комбинаты, наубайхана, мұнай барлау экспедициясының бөлімшесі, баспахана, кірпіш заводы, басқа да өндіріс орындары жұмыс істеді, ресторан, кафе сияқты сауда орындары ашылды, аудандық мәдениет үйі мен кинотеатрларда түрлі мәдени – көпшілік шаралары жүзеге асырылды, балалардың ойын алаңдары, каток, хоккей коробкалары жасалды
       1965 жылға дейін ауыл үйлері ретсіз салынған, ал одан бергі құрылыс бас жоспар бойынша жүргізілді. Ауылда архитектуралық жағынан құнды болып табылатын объектілер жоқ, ең көне ғимараттарға Қарауылкелді станциясы вокзалы, су айдау мұнарасы, №19 КТМ үйлері жатады. Қазір Байғанин ауылында бірнеше шаруа қожалықтары, 3 жалпы білім беретін орта мектептер, кәсіптік – техникалық мектеп, спорт және музыка мектептері, мәдениет үйі, кітапханалар, мұражай, стадион, аурухана, туберкулезге қарсы емдейтін диспансер, базар, байланыс, транспорт, коммерциялық мекемелер, шағын шеберханалар бар. Байғанин ауылы үш бағдарлама бойынша телехабарлар қабылдайды, ТМД мен Қазақстан қалаларымен теміржол қатынасы, ауылдар мен автомобиль қатынасы бар. Облыс Әкімі мен облыстық мәслихаттың  2006 жылғы 12 желтоқсандағы бірлескен шешімімен  селоға өзінің тарихи  Қарауылкелді атауы қайтарылып берілді.