Көк мешіт


КӨК МЕШІТ – Байғанин ауданында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы діни орын. Қазіргі Қопа селолық округінің Шибұлақ ауылында орналасты. Мешіттің басты мақсаты көшпелі қазақтарды мұсылман діні арқылы адамгершілікке тәрбиелеу, олардың қоғамдық сана – сезімін, ой өрісі мен дүние танымын кеңейту, адалдықты, еңбексүйгіштікті, әділеттілік пен шыншылдықты, сондай – ақ Мұхамед пайғамбардың уағыздарын насихаттау болды. Мешіт жанында балаларға араб, парсы, түрік тілдерінде бастауыш білім беретін оқу орны болды, онда діни жоғары немесе орта білімі бар білім иелері дәріс берді. Мешітті ашып, ондағы білім беру және тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастырушы Жаналы ұлы Абдолла хазрет еді. Шибұлақтағы Көкмешітте Қазан революциясына дейін және одан кейін де көптеген шәкірттер тәрбиеленіп, араб, парсы, түрік тілдерінде білім алып шықты. Қазан революциясынан кейін атеистік бағыт ұстанған кеңес өкіметінің жергілікті сауатсыз өкілдері Көк мешіттегі діни және білім беру жұмыстарына тыйым салып, 30 – жылдардың аяғында бұл мешіт кеңестік белсенділер қолымен қиратылды, оның тастары мен басқа да жабдықтары сол жерден 18 км. жердегі Сағыз станциясындағы өндірістік объектілердің құрылысына пайдаланылды. Көкмешіт орнын Абдолла хазрет немересі, Сағыз станциясының тұрғыны Ахметниязұлы Халел қамқорлыққа алған.